Елордада автотұрақ ақысын көлік иелерінің 10 пайызы ғана төлеген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екі жарым айдың ішінде ақылы автотұрақтың қызметін 3 мыңнан астам көлік иесі пайдаланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Елордада автотұрақ ақысын көлік иелерінің 10 пайызы ғана төлеген

«Парковочное пространство Астаны» ЖШС-ның мәліметінше, көлік иелерінің басым бөлігі ақылы автотұрақты бірнеше күн, апта қолданса да ақпаратты қасақана елемей келген. Олар ақылы коммуналды тұрақтың қызметі үшін төлемейді немесе өз көліктерін тыйым салынған жерлерге қояды. 

«Бүгінгі күнге дейін ақылы автотұрақ қызметін 3 мыңға тарта жүргізуші пайдаланған. Нақты жағдайға келер болсақ, көлік иелерінің 10% ғана автотұраққа көліктерін қойғаны үшін ақы төлейді. Бізде автотұрақ үшін төлеу мәдениеті қалыптаспаған. Кейбір көлік басқарушылар автотұрақтарды «өзінің жеке» тұрағы ретінде бірнеше күн, апта қолданып, ақпаратты қасақана елемейді. Бұл жоба аяқ асты жоба емес. Ол - Астанадағы инфрақұрылымды дамытудың маңызды кезеңдерінің бірі», - делінген «Парковочное пространство Астаны» ЖШС-ның хабарламасында. 

Еске салайық, «Нұржол» желекжолындағы ақылы автотұрақтар 15 қаңтарда жұмысын бастаған болатын. Мұнда көлігін қойғаны үшін жүргізушілер сағатына 100 теңге төлейді. Нұржол желекжолындағы ақылы автотұрақта 487 орын мен 12 паркомат бар. 

Жүргізілген сараптама клиенттердің автотұрақ қызметі үшін төлемді мобильді қосымша және 2888.kz сайтындағы жеке кабинеті арқылы жүзеге асыруды қалайтындарын көрсетіп отыр.

Еске сала кетсек, автотұрақ қызметін төлемеген көліктердің тізімі жасалған.