Елордада Аяз атаның резиденциясы жұмысын бастады

Аяз ата - жаңа жылдың басты кейіпкері. Оны әр елде әртүрлі атайды. Бар әлемнің балалары армандарды орындаушы атаға хатты да әр түрлі мекен-жай бойынша жазады. Сондай-ақ, балалар Аяз атаның резиденциясына саяхат жасайды.
Бүгін Елорда саябағының аумағындағы ерекше үйде барлық келушілерді Аяз ата, Ақшақар мен Олаф есімді көңілді аққала қарсы алды.
Ертегі кейіпкерлері кішкентай қонақтарға жаңа жылдық көңіл-күй сыйлаған болатын. Аяз атаның үйінде келушілердің барлығы естелік суретке түсті. Балақайлар Аяз атаға тақпақтары мен әндерін айтып, өзіне тиесілі тәтті сыйлығын алды.
«Мені мұнда ата-анам ертіп келді. Бұл жер маған қатты ұнады. Мен ертегіге енгендей болдым. Мен Аяз атаға өзімнің сүйікті әнімді орындап бердім. Ол маған кәмпиттерді сыйлады. Осындай жердің болғаны мені қатты қуантады», - деп әсерімен бөлісті қаланың кішкентай тұрғыны Жанель Кенжеболат.
Резиденцияда бүлдіршіндерді, келе жатқан мейраммен ертегі кейіпкерлері де құттықтады.
Балалардың көңіл-күйін көтеруге арналған ойын-сауықтың бұл түрі тегін екендігін атап өткен жөн.
Аяз атаның резиденциясы 10 қаңтарға дейін жұмыс күндері сағат 18:00-ден, демалыс күндері сағат 12:00-ден ашық болады.