Елордада айтыскер ақын Қонысбай Әбілдің мерейтойына орай кеш өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 12 қыркүйек күні сағат 19.00-де Астана қаласындағы Конгесс-холл сарайында елімізге белгілі айтыскер ақын, сатирик, композитор, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілдің 60 жылдық мерейтойына орай ақынның «Тұяғымын тұлпардың» атты шығармашылық кеші өтеді.
Кеш қонақтары Қазақстан Республикасының халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Досқан Жолжақсынов, халық ақындары Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Ханша Дүкенова, әзілкештер Бауыржан Ибрагимов, Көпен Әмірбек, белгілі эстрада әншілері Досымжан Таңатаров, Айгүл Бажанова, Арайлым Рахымқызы, Клара Төленбаевалар қатысады.
Қонысбай Әбіл 1954 жылы 19 мамырда Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған.
1977-1980 жылдары - Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінің жауапты хатшысы, 1980-1985 жылдары - «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Торғай облысы бойынша меншікті тілшісі, облыстық «Торғай таңы» газеті редакторының орынбасары. 1990-1991 жылдары - «Арқалық арайы» газетінің редакторы, 1991-1995 жылдары Торғай облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы қызметін атқарған. 1997-1998 жылдары - Арқалық қаласы мәдениет бөлімінің меңгерушісі. 1998-2002 жылдары - Астана қаласы әкімі аппаратының тіл саясаты бөлімінің меңгерушісі. 2002-2006 жылдары - Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бастығы болды. Арқалық қаласының Құрметті азаматы. «Астана» медалімен марапатталған.
Ақынның алғашқы жыр жинағы 1980 жылы жарық көрген. Бірнеше прозалық шығармалардың авторы. 1990 жылы Ташкент қаласында Базар жыраудың 150 жылдығы құрметіне өткізілген Орта Азия және Қазақстан ақындары айтысында жеңімпаз атанып, ІІІ республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін иеленген.
Оның айтыстары «Мәңгілік көктем», «Жыр-шашу» жинақтарына, ал ауызша әзілдері «Деген екен...» ұжымдық жинақтарына енген, деп хабарлайды kazaitys.kz.