Елордада Айвазовский туындылары жаңа форматта ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада XIX ғасырдың әйгілі теңіз суретшісі Иван Айвазовскийдің шығармашылығына арналған иммерсивті мультимедиялық көрме ашылды. Экспозиция бейне, музыка және көркем баяндау арқылы суретшінің шығармашылық әлемін ашады.
Lumiere-Hall мультимедиялық мұражайының әкімшісі Әнел Шағырованың айтуынша, көрме Айвазовскийдің шығармашылығын заманауи технологиялар арқылы жаңа қырынан таныстырады.
— Айвазовский — теңіздің табиғатын ерекше сезіне білген суретші. Ол теңізді табиғат аясында отырып емес, жадына сүйеніп бейнелеген. Соның арқасында теңіздің мінезі мен қуатын дәл жеткізе алды, — деді Әнел Шағырова.
Экспозиция екі залдан тұрады. Бірінші залда Айвазовскийдің картиналары, эскиздері және шығармаларына қатысты ақпарат ұсынылған. Екінші залда туындылар үлкен экрандарда мультимедиалық форматта көрсетіліп, көрерменге иммерсивті әсер сыйлайды.
— Бейне, музыка және дыбыстық сүйемелдеу біртұтас композиция құрайды. Соның нәтижесінде көрермен өзін теңіздің ортасында жүргендей сезініп, шығарманың эмоциясын толық қабылдай алады, — деді мұражай әкімшісі.
Мультимедиялық көрсетілім шамамен бір сағатқа созылады. Бағдарламада суретшінің алғашқы туындыларынан бастап үздік шығармаларына дейінгі жолы мен әлемдік өнерге қосқан үлесі қамтылған.
— Біз оның туған жері, шығармашылығына шабыт берген факторлар және кәсіби шыңға жету жолы туралы баяндаймыз. Бұл — суретшінің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты таныстыратын жоба, — деді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, Иван Айвазовский өмірінде алты мыңнан астам картина салған. Көрмеде кеңінен танымал туындыларымен қатар, эскиздері мен алғашқы нобайлары да қойылған.
Көрме тамыз айының соңына дейін жалғасады. Экспозиция күн сайын сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін ашық.
— Бұған дейін өткен Винсент ван Гогтың иммерсивті көрмесін бір айда 30 мыңнан астам адам тамашалады. Бұл жоба да көрерменнің жоғары бағасына ие болады деп сенеміз, — деді Әнел Шағырова.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық музейде де «Афинадан Астанаға дейін. Владимир Потанин коллекциясындағы Олимпиадалық артефактілер» атты көрме ашылған еді.