Елордада «БАҚ этносаралық төзімділікті нығайту жолында» тақырыбында семинар өтеді

АСТАНА. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Астанада қарашаның 18-19-ы күндері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Халықаралық төзімділік күніне орай «БАҚ этносаралық төзімділікті нығайту жолында» тақырыбында семинар өтеді,

Елордада «БАҚ этносаралық төзімділікті нығайту жолында» тақырыбында семинар өтеді

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш іс-шараны Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) хатшылығы, ҚР Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктері және Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырып отыр. Оған Қазақстан мен Ресейдің белгілі ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, БАҚ-тың бас редакторлары мен қызметкерлері, мемелекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысады. Семинардың негізгі мақсаты - ҚХА-ның 15-ші сессиясында Елбасы тарапынан ұсынылған Ел бірлігі доктринасының жобасын талқылау.

Ал бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапхасында Ресейдің ғылым және журналистика қауымдастығы мен отандық БАҚ өкілдеріне арналған этносаралық және конфессияаралық төзімділіктің қазақстандық үлгісі ұсынылды. «Күн тәртібіндегі ең үлкен мәселелердің бірі - ел бірлігі, халық бірлігі. Ол Қазақстанға ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі дағдарысқа байланысты. Соңғы 3 айдың ішінде 9 елдің өкілі Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастың қазақстандық моделіне байланысты сұрақтарды көтеріп, ортаға салған болатын», - деді ҚХА төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов.

Е.Тоғжановтың айтуынша, өткен сессияда Елбасы журналистермен бірге, баспасөздің нағыз қаламгерлерімен бірге арнайы клуб құрылса деген ойды ортаға салған болатын. «Егер осындай клубты құратын болып жатсақ, ол жерде көкейде жүрген мәселелерді ортаға салып, талқылай алатын жағдайға жетсек, оның үлкен пайдасы тиеді деген ойдамыз», - деді ол.