Елордада бала туу артты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада бала туу көрсеткіші едәуір өсті. Әкімдік мәліметіне қарағанда, кейінгі 10 жылда бала туу 41 пайызға артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада бала туу артты

Мемлекет басшысы биылғы қаңтар айында емханалардағы кезек пен перзентханалардағы орын тапшылығын сынға алған болатын. Осы тұрғыда әкімдіктен кезекті азайту жұмыстары қалай жоспарланып жатқанын сұрадық.

«Жалпы, Астанада қаласында әйелдерге жүктілік, босану, босанғаннан кейінгі кезеңдегі көмек және жаңа туған нәрестелерге стационарлық медициналық жәрдем 550 орынды қамтып тұрған негізгі үш ұйымда іске асырылып жатыр. Кейінгі 10 жылда бала туу 41 пайызға артты. 2012 жылы – 19500, ал 2022 жылы 31714 бала өмірге келді», - делінген қала әкімдігінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.

Кейінде қолданысқа берілген 130 орынға есептелген перинаталды орталықтың өзіне 14 жыл болды. Ондағы орындар біртіндеп 235-ке дейін жеткізілді.

Сонымен қатар 1982 жылы іске қосылған қалалық перинаталды орталық 185 орынға дейін кеңейтілді.

1966 жылы пайдалануға берілген үшінші акушерлік блок заманауи талаптарға сай келмей отыр. Осыған қарамастан, ондағы орындар 130-ға дейін жеткізілген.

«Қалада бала туатын жастағы 391 806 әйел бар. Бұл өз кезегінде қаладағы әйелдердің жалпы санының 53,3 пайызын құрап отыр», - деп аталып өткен әкімдік мәліметінде.

Айта кетейік, жарты жылда Астанада 15 мыңнан астам нәресте өмірге келді.