Елордада балабақша кезегінде 60 мыңнан астам бүлдіршін тұр
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, елордадағы 99 мемлекеттік балабақшада 31,5 мың бала тәрбие алады. Қалған 328 жеке меншік балабақшаның 314-і мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп, 27 мың баланы мектепке дейінгі біліммен қамтып отыр. Сондай-ақ, түрлі ұйымдарға бағынысты 3 балабақша мен 2 шағын орталықта 630-дан астам бала тәрбиеленеді.
«Биылғы білім беру кезеңіндегі ақпарат бойынша, «INDIGO: электронды балабақша» порталында 60 мың 175 бала кезекте тұр. Биыл мектепке дейінгі ұйымдардан 21 мың 978 орын жинақталды», - деп жазылған әкімдіктің ҚазАқпарат сауалына берген жауабында.
Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, биылғы оқу жылының басында мемлекеттік нысандағы балабақшалардың бәрі бірдей балақабылдауғадайын емес.
«Биыл 14 мемлекеттік балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізілді. №39 балабақшада әлі де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазан айына дейін аяқталуы керек», -делінген ресми мәліметте.
Әкімдіктегілердің айтуынша, астанадағы мемлекеттік балабақшалар 16 мың 800 теңгелік тарифпен жұмыс істейді. Яғни, бір балаға күнінен 857 теңге шығын жұмсайды. Ал жеке менменшік балабақшалардыңтарифі – 20 мың 800 теңге. Күніне бір балаға жұмсайтын шығын 1040 теңге деген сөз.