Елордада балабақша кезегіне тұру өтінімдерін қарау аяқталады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019 жылдың 19 желтоқсанынан 20-на қараған түні (00.00 сағ.) Нұр-Сұлтан қаласындағы мектепке дейінгі мекемелерге кезекке тұрған өтініш иелерінің жүйеде кезекке тұруын растау рәсімі аяқталады. Бұл туралы қалалық білім басқармасының facebook-тегі парақшасында жарияланды.

Елордада балабақша кезегіне тұру өтінімдерін қарау аяқталады

«Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы 2019 жылдың 19 желтоқсанынан 20-на қараған түні (00.00 сағ.) мектепке дейінгі мекемелерге кезекке тұрған өтініш иелері жүйеде кезекке тұруын растау рәсімі аяқталатынын еске салады.

Көрсетілген уақытта барлық белсенділік танытпаған өтініштер кезектен алынып, стоп-тізімге жіберілетінін хабарлаймыз. Өтінімдерін қалпына қайтарғысы келетін өтініш иелері осы процедураны жеке кабинеттеріне кіріп, кері қайтара алады.

Өз кезегінде біздің тарапымыздан қызығушылықты растау үшін осыдан алдын екі ай берілгенін еске саламыз»,- делінген хабарламада.

Білім басқармасының атап өтуінше, бұл хабарландыру бір жылдан астам белсенділік танытпаған барлық өтініш иелеріне арналады. Өтінімнің жарамдылық мерзімі жеке кабинетте көрсетілген («Менің өтінімдерім» бөлімі).