Елордада балалар үйіндегі бүлдіршіндерге субұрқақ тарту етілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана су арнасы» мекемесі елордалық мамандандырылған балалар үйіне су бұрқақ орнатып берді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызеті хабарлайды.

Елордада балалар үйіндегі бүлдіршіндерге субұрқақ тарту етілді

«Жалпы, кәсіпкерлер үнемі көмектесіп, қолдау білдіріп отырады. Меценаттарды айтпағанда, қарапайым тұрғындар да қолдарынан келгенше көмектесіп тұрады. Осындағы (балалар үйіндегі) көптеген дүние солардың қолымен және күшімен жасалды», - деді Мамандандырылған балалар үйінің директоры Сәуле Кенжебаева.

Оның айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ­­- қазақстандықтарды қайырымдылық пен мейірімділікке бастайтын бірден-бір бастама.

«Қолында беретін ештеңесі болмас да, қандай көмек көрсете аламын?» деп келетін жандар бар. Сырт көзге қатыгездер көп болып көрінгенмен, қуантатыны ­- қазіргі қоғамда мейірімді жандар өте көп. Бізге қайтарымсыз көмек ретінде қаржылай және рухани қолдау көрсететін жандар көп. Тек көбісі өздерін жарнамалай бермейді», - деді ол.

«Астана су арнасы» тарту еткен субұрқақта әйел-ана бейнесі кескінделген. Қолына жүрегін ұстаған әйел бейнесі ананың балаға деген махаббатын суреттеп тұр.