10:06, 05 Ақпан 2024 | GMT +5
Елордада балаларды соққыға жыққан бұзақы ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы тұрғын үйлердің бірінде балаларды соққыға жыққан жігіт ұсталды.

Кеше әлеуметтік желіде тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінде ер адамның бір баланы соққыға жығып, екіншісін қылқындырғаны бейнеленген видео тарады. Желіде бұл оқиғаның «Эдем палас-2» тұрғын үй кешенінде орын алғанын жазуда.
Осы оқиғаға байланысты Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұзақының қолға түскенін мәлім етті.
«Байқоңыр аудандық полиция басқармасы аталған тұрғын үйдің 30 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті полициядан.