Елордада балаларды кибербуллингтен қорғайтын мобильді топ жұмысын бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы балаларды кибербуллингтен қорғайтын мобильді топты іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада балаларды кибербуллингтен қорғайтын мобильді топ жұмысын бастады

«Бүгінгі таңда, ақпараттық технологиялар ғасырында, балалар кибербуллингі - бала психикасына жасалатын жойқын шабуылдың бірі. Кибербуллингтің салдары көбінесе өте ауыр салдарға әкеп соғады. Өкінішке қарай, баланың психологиялық шабуылға ұшырағанын ересектер әрдайым білмеуі де, жіті назар аудармауы да мүмкін», - деп хабарлайды басқармадан.

Осы ретте баланың психологиялық өзін-өзі тануын дамыту және оларға дер кезінде көмек көрсету үшін бірқатар шара қабылданбақ. Нақтырақ айтқанда қиын жағдайдағы балаларға дер кезінде көмек көрсету үшін алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Право» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, мобильді көмек тобы жұмысын бастады. Мобильді топ кибербуллингпен бетпе-бет келгендерге ғана емес, қиын жағдайда қалған барлық балаға көмектеседі.

«Биыл алғаш рет біз тәулік бойы жұмыс істейтін және қиын жағдайдағы балаларға көмектесетін дайын мобильді топтың жұмысын қарастырдық. Олар зардап шеккен балалардың үйіне тәуліктің қай уақыты болмасын барып, тиісті көмек көрсете алады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар баланың қорғалуын қамтамасыз ету үшін елордада «балалар қонақ үйі» (Нұр-Сұлтан, Абай даңғылы, 92/3) тәулік бойы жұмыс істейді. Ата-аналар мен балалар тәулік бойы жұмыс істейтін «1409» сенім телефоны арқылы да көмек ала алады. Білім басқармасының психологиялық қызметінің телефоны - 20-25-40, 8 707 477 79 08. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөліміне хабарласу үшін 55-69-60, 55-68-67, 55-01-79 нөміріне қоңырау шалуға болады.

Айта кетсек кибербуллинг – қазіргі коммуникацияларды, интернетті пайдалана отырып, қолданушыны қорқыту үшін жасалатын шабуыл. Нақтырақ айтқанда бұл шабуылды жасайтындар әлеуметтік желі немесе электронды пошта арқылы үрейлі немесе әдептен тыс материал немесе хабарлама жіберіп, адамдарды қорқытуы мүмкін. «Трольдер» немесе «мобберлер» деп аталатын интернетті қолданушылар мұндай қылмысты аты-жөнін көрсетпей жасайды.