Елордада балалардың 60 пайызы үйірмелерге барады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада спорттық-мәдени үйірмелерге қарағанда ғылыми-техникалық үйірмелерге бару деңгейі 2 есе кем.

Елордада балалардың 60 пайызы үйірмелерге барады

Бүгін елордадағы Тамыз кеңесінде қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева осылай айтты.

Бұған мысал ретінде ол Оқушылар сарайындағы жағдайды келтірді.

«Бұл керемет нысандағы жұмыстар ғылым, өнер және спорт бағаттарында жүргізіледі. 100-ден астам секциялар жұмыс істейді және оған 10 мыңнан астам бала барады. Спорттық-мәдени үйірмелерге қарағанда, ғылыми-техникалық секцияларға оқушылар екі есе аз баратындығына педагогикалық қоғамның назарын аударғым келеді»,-деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, балалардың техникалық бағытқа қызығушылығын ерте жастан ояту керек.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы Астанада түрлі үйірмелер мен орталықтарда сыныптан тыс жұмысқа тартылған оқушылардың саны 40 пайыздан 60 пайызға дейін артты.