Елордада белгіленген бағамен 80 мың тонна қант сатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада қант белгіленген баға бойынша 8 сауда орнында сатылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап. 

Елордада белгіленген бағамен 80 мың тонна қант сатылды

Қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ақпараты бойынша, тұрақтандыру қорының өнімдері қаладағы сауда орындарына шығарылуда. Тұрақтандыру қоры азық-түлік тауарларының біраз бөлігіне бағаны тежеуге мүмкіндік береді.

«Жыл сайын осы кезде қант бағасының маусымдық өсуі байқалады, ол жеміс-жидектің пісіп, тұрғындардың жаппай қысқа азық-түлік дайындауына байланысты болатын жағдай. Қазіргі кезде қаладағы 8 сауда кешенде («Столичный», «Шапағат», «Әлем» СҮ, «Бахус», «Меркен», «Апрель», «Керуен» СО) белгіленген бағамен 80 мың тонна қант саудаланған», делінген хабарламада.

Тұрақтандыру қорында барлығы 1 247 тонна азық-түлік бар, оның ішінде 1 161 тонна қант, 46 тонна күріш, 40 тонна қарақұмық сақталған.

Ведомствоның айтуынша, жоғарыда аталған азық-түлік түрлеріне баға тұрақты.

Сондай-ақ, бағаның сақталуына тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі, егер тауар құнында белгіленген шектен алшақтық анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.

Осыған дейін хабарланғандай, өткен аймен салыстырғанда қырыққабаттың бағасы 38%-ға, картоп - 14%-ға, пияз - 6,3%-ға төмендеген. Ал қант бағасы 0,4%-ға арзандаған.