Елордада бейне бақылау камераларының көмегімен 174 қылмыс ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада орнатылған бейне бақылау камераларының көмегімен 174 қылмыс ашылды. Бұл туралы бүгін Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта Астана қалалық ІІД жедел басқару орталығына 797 бейне бақылау камераларынан ақпараттар күні-түні келіп түседі. Олардың көмегімен 174 қылмыстың беті ашылып, 33 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 10 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу бар»,- деді Малыбаев.
Оның айтуынша, бейне бақылау жүйесін кеңінен пайдалану қаладағы құқық бұзушылықтың деңгейін айтарлықтай төмендетіп отыр. Мәселен қоғамдық орындардағы қылмыстар 21 пайызға, қала көшелеріндегі қылмыстар 32 пайызға азайды. Сонымен қатар жол-көлік апаттарының саны да 20 пайызға кеми түсті.
«Бұған қоса учаскелік полиция қызметкерлері өзгенің мүлкінің ұрлануының алдын алу, кішігірім құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» ұстанымын жүзеге асыру аясында халық арасында бейне бақылау камераларын орнату бойынша нақты жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі күні 5 мыңнан астам камера орнатылды. Оның ішінде қауіпсіз аула бағдарламасы аясында 403 камера, мемлекеттік-жекешелік серіктестік есебінен 233 камера, ПИК-тер мен тұрғындардың қаржысына - 5151. 1380 тұрғын үй бейне бақылаумен қамтылған. 5770 камера үйлердің кіре берісіне орнатылған», - деді жергілікті полиция қызметінің басшысы.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың соңына дейін елорда көшелерінде 10 мың камера орнатылатын болады.