Елордада бір аптада 1500 шаршы метр аумақта құрғақ шөп пен қамыс өртенді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада табиғи өрттерге қарсы і іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл туралы мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада бір аптада 1500 шаршы метр аумақта құрғақ шөп пен қамыс өртенді
Ашық көздерден алынған фото

«Осы аптаның ішінде 1 500 шаршы метрден асатын аумақта құрғақ шөп пен қамыстың өртенуі бойынша 6 оқиға тіркелді. Өткен жылы осындай 313 жағдай тіркелген еді. Орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында биыл Астана аумағында табиғи өртке қарсы іс-шаралар жоспары әзірленді. Қала шекарасының периметрінде 6 бағыт бойынша жылжымалы күзет бекеттері ұйымдастырылды», - деді Еркін Отарымғалиұлы Астана қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, өрт бақылау басқармасының бастығы қауіпсіздік ережелерін тағы бір еске салды:

– кез келген ашық от көзімен жұмыс істегенде сақ болыңыз

- жеке орналасқан тұрғын үй маңындағы аумақтарды уақытылы тазалап тұру керек

- табиғат аясына шыққанда сіріңкені абайлап қолданып, темекі қалдығын тастамау керек.

- балалардың сіріңке және отпен ойнауына жол бермеңіздер

- аң аулау кезінде жанатын материалдарды қолданбау қажет

- ғимараттардың жанында от және қоқыс жағуға болмайды

- табиғат аясына демалысқа шыққанда жаққан өртті толық сөндіріп кету керек. Шала сөнген от өртке әкелуі мүмкін.

- шыны ыдысты және сынған әйнекті қалдырмаңыздар. Өрт басталған жағдайда болса сумен, ағаштың бұтағымен немесе құм себу арқылы сөндіруге тырысу қажет.