Елордада бір ауысымда 500 келушіні қабылдайтын жаңа амбулаторлық-емханалық кешен салынады

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - 2014 жылы сол жағалауда бір ауысымда 350 ересек пен 150 баланы қабылдайтын жаңа амбулаторлық-емханалық кешен салынады. Бұл туралы astana.kz хабарлады.

Елордада бір ауысымда 500 келушіні қабылдайтын жаңа амбулаторлық-емханалық кешен салынады

Сонымен қатар, Өндіріс тұрғын алабында және Досмұхамедұлы көшесінде әрқайсысы 150 адамға арналған бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталықтарын ашу көзделген. «Келер жылы сол жағалауда амбулаторлық-емханалық кешен және 150 келушіге арналған 2 бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығы салынады. Сондай-ақ, туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы жалғасады», - деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жанат Нүрпейісов өз баяндамасында.

Айта кетейік, бюджет шеңберінде дәрілік заттар сатып алынады, жедел медициналық көмек көрсетуге, емдеу-алдын алу ұйымдарын қанмен және сарысулармен қамтамасыз етуге қаржы қаралған. Бұдан басқа, әлеуметтік қорғау саласында әлеуметтік төлемдерге, медициналық-әлеуметтік мекемелерді ұстап-күтуге, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға, жұмыссыздарды қайта даярлауға және әлеуметтік жұмыс орындарын құруға жұмсалатын шығындарға қаржы бөлінеді.