Елордада бір тәулікте 35 мың текше метр қар шығарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте елорда аумағынан 35 мың текше метр қар шығарылды. Бұл туралы бүгін «Астана тазалық» ЖШС-нің өкілі Алтын Нұржумина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тәулік ішінде шамамен 35 мың текше метр қар шығарылды. Қазіргі уақытта қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Яғни қазір Астанада барлық техника қар тазалау жұмыстарына жұмылдырылған. Өткен тәулікте шамамен 1400 техника жұмыс жасады. Қазір тазалық жұмыстарына 1500-ге жуық техника шығарылды», - деді ол.
Оның айтуынша, қаланы қардан тазарту жұмыстарына қол күші де жұмылдырылған.
«Екі мыңнан астам адам қолмен қар тазалау жұмыстарына шығарылды. Олар техника бара алмайтын аялдама кешендері маңын, көлік тұрақтары мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазалауда. Жалпы техника жеткілікті, жұмыс істеудеміз», - деді Алтын Нұржумина.
«Астана тазалық» мекемесі өкілінің дерегінше, өткен жылғы қысқы маусымда елордадан 5 млн 400 мың текше метр қар шығарылған. Ал биыл осы уақытқа дейін қала аумағынан шығарылған қардың көлемі 1 млн текше метрден асып отыр.