Елордада бір үйдің тұрғындары электр қуаты үзілгені үшін жолды жауып тастады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордалық тұрғын үй кешенінің тұрғындары электр қуатының үзілгені үшін көлік қозғалысын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада бір үйдің тұрғындары электр қуаты үзілгені үшін жолды жауып тастады

Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды.

Астана әкімдігі берген түсіндірмеде электр қуаты апаттық сипатта тоқтатылғаны жазылған.

«22 тамыз күні сағат 18:32-де «Восточная» қосалқы станциясының 45-ұяшығында электр апатты түрде ажыратылған. Ажырату себебін анықтау үшін және салдарын үшін «Астана-АЭК» АҚ жедел-көшпелі бригадасы дереу оқиға орнына шықты. Сол күні сағат 23:16-да электр қуаты қалпына келді. Апаттың негізгі себебі – Төлебаев көшесі маңындағы сымдардың үзілуі», - деп хабарлады әкімдік.

Сонымен бірге, жолды жапқан тұрғындарға полиция заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл салды.

«22 тамыз күні Астана қаласының полиция департаменті жолды жауып тастағаны үшін 7 құқық бұзушыны жауапқа тартты. Қаланың тұрғын үй кешендері бірінің тұрғындары электр қуатының уақытша авариялық ажыратылуына байланысты жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Оларға қатысты көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіргені үшін айыппұл салынып, ҚР ӘҚБК 614-бабы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды», - делінген елордалық полиция департаментінің хабарламасында.

Департамент заңнаманы бұзбау керектігін түсіндіріп, талаптарды орындамағаны үшін немесе заңсыз әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.