Елордада биыл 40 мыңнан астам оқушы орны ашылады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада биыл 40 мыңнан астам оқушы орны ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Қаласы әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында биыл 15 мектеп салынатынын мәлім етті.
«Біздің міндетіміз — білім беру сапасын арттырып, жағдай жасау. Бүгін бірқатар мектептің, соның ішінде жекеменшік және мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша салынып жатқан мектептердің құрылыс барысымен таныстым»,- деді алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, Zam-Zam және De Luxe (Есіл ауданы) сияқты оқу орындарының жобалық қуаты 4 мың оқушы (екі ауысымда). Мектептер жеке қаражат есебінен салынып жатыр. 2019-2020 жылдары 30 жеке меншік оқу орнының құрылысы қолдау тапты. Олардың бір бөлігін биыл пайдалануға беріледі.

«Алдағы жылдарға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, себебі елордада мұғалімдер мен оқушыларға жағдай жасау үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет. Оқу орындары елорданың барлық ауданында салынып жатыр. Бірінші кезекте қажеттілікке қараймыз. Халық тығыз орналасқан аудандарға, жаңа құрылыс аудандарына және т.б. Биыл 15 мектеп саламыз. Осылайша 40 мыңнан астам оқушы орны құрылады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есе, ал 2019 жылмен салыстырғанда төрт есе көп», — деді елорда әкімі.




Фото: Александр Куприенко