Елордада Бүкіләлемдік «SILK WAY» би фестивалі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Астана қаласының Оқушылар сарайында Әлем кубогы үшін балдық биден Бүкіләлемдік «SILK WAY» фестивалі өтеді.
«Екі күнге (11-12 маусым) созылатын халықаралық дода барысында тоғыз мемлекеттің жас бишілері шеберліктерін паш етеді. Олардың қатарында еліміздің және Израильдің, Грузияның, Ресейдің, Беларусьтің, Кореяның, Әзербайжанның, Өзбекстанның өкілдері бар», - делінген Астана қалалық білім басқармасы таратқан ақпаратта.
Фестивальға 600-ден астам бала қатысады деп күтілуде. Оның аясында хореография бойынша классикалық би, қазіргі заман хореографиясы, әлем халықтарының билері, стилистік халық биі, балалар биі, эстрадалық би, шоу бағытындағы би іспетті сайыстар өткізіледі.