Елордада бюджет ашықтығын көрсетпеген мемлекеттік органдар анықталды
«2018 жылдан бастап елордада бюджет ашықтығын көрсететін интерактивті карта жобасы іске қосылды. Біз бұған дейін бірнеше рет қала басшысымен бірге осы жобаның жүзеге асырылуын талдадық. Интерактивті картаның жұмысына қатысты нақты тапсырмаларда берілді. Бүгінгі күні бюджет ашықтығын көрсететін аталған картада 523 млрд теңгенің сомасы көрініп тұр. Бұл барлық бюджеттің 82%, осы орайда бюджеттің толықтай 100% көрініп тұрғаны абзал», - деді Жазира Жылқышиева елордадағы мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатын жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиын барысында.
Сондай-ақ, департамент басшысының орынбасары, бюджет ашықтығына қатысты мәліметтерді ұсынбаған елордалық мемлекеттік органдарға тоқталып өтті.
«Бүгінде бюджет туралы мәліметтерді қалалық көлік, дін істері, қаржы, тұрғын үй және тұрғын үй саясаты, цифрлық және мемлекеттік қызметтер, отын энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармалары мен Байқоңыр ауданы әкімдік аппараты ұсынбай отыр», - деді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың басшылары жемқорлықтың алдын алуға қатысты жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізбей отыр.
«Қазіргі уақытта жемқорлық тәуекелдерін жоюға қатысты талдау жұмыстарын тек 5 басқарма жүргізді. Олардың қатарында қалалық білім, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану, құрылыс басқармалары және Есіл, Сарыарқа аудандық әкімдіктері бар. Қалған басқармаларда ішкі талдау жұмыстары өткізілмеген. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты талдау ұсынымдары формалды сипатқа ие. Есесіне өздерінің негізгі қызметі туралы талдау жүргізілмеген мәліметтерді береді», - деді Ж. Жылқышиева.
Бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрғасының орынбасары Шыңғыс Қабдуланың елордалық шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты жұмыстарын сынға алғаны туралы хабарлаған болатынбыз.