Елордада чех дәрігерлері сан-жамбас буынын ауыстыру бойынша 2 ота өткізеді
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - 27-28 қарашада қалалық туберкулезге қарсы диспансерде эндропротездердің жетекші чех өндірушісімен бірлесіп «Сан-жамбас буынын алғаш рет толық эндопротездеу» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізу көзделген. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап astana.kz хабарлады.
Шеберлік сыныбы аясында Клатови қаласының (Чехия) аймақтық ауруханасының жетекші маманы, ортопедия бөлімінің меңгерушісі, м.ғ.д. Ян Пешек Астана қаласының туберкулезге қарсы диспансерінің остеохирургиялық бөлімінің меңгерушісі, м.ғ.к. Әділет Дүйсембаевпен бірге 2 ота жасайды.
Бағдарлама бойынша Астана қаласының ТҚД остеохирургиялық бөлімінде жатқан туберкулезге қарсы емдеудің толық курсын аяқтаған және эндопротездеуді қажет ететін науқастарға 2 ота жасау көзделген. Науқастар профессор Ян Пешектен алдын ала кеңес алды, оларға сан-жамбас буынын эндопротездеу ұсынылды. Айта кетейік, аталған іс-шараға Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарының сүйек туберкулезі бойынша мамандары, травматолог-ортопедтері қатысады.