Елордада COVID-19-бен сырқаттану деңгейі 9,9%-ға артты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада COVID-19-бен ауырғандар саны күніне 70-тен 143 адамға дейін артып отыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада COVID-19-бен сырқаттану деңгейі 9,9%-ға артты

Бүгін елорда әкімдігінде елордадағы эпидемиологиялық жағдай және мектептердегі карантин шектеуіне қатысты брифинг өтті.

«Соңғы аптада ауырғандар санының өсуіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласындағы COVID-19 инфекциясы тұрақсыз деп бағаланады. Тіркелгендер саны күніне 70-тен 143 адамға дейін артып отыр. Соңғы аптада сырқаттану деңгейі алдыңғы аптадан бастап 9,9%-ға жоғары. 10 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш 59,2%», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.

Оның айтуынша,10 наурыздан бастап елорда «қызыл аймаққа» кірді.

«Коронавирус инфекциясы көбеюінің негізгі себебі – қала тұрғындарының карантин шараларын сақтамауы, көп жиналатын қоғамдық орындарға баруы, маска тағуды ескермеу, ауырған адамдармен жақын байланыста болғандардың режимді сақтамауы», - дейді ол.