Елордада «Демалыс-Астана» VII халықаралық туристік көрмесі өтуде
«ITECA» компаниясының атқарушы директоры Юрий Бородихиннің айтуынша, «AstanaLeisure» көрмесі 2011 жылы Астана мен Алматыда өтетін 7-ші Қысқы Азия ойындарының құрметіне арналып өткізіліп отыр.
Бұл шара республиканың барлық өңіріндегі, таяу және алыс шетелдердегі туристік индустрия компанияларының басын қосатын ірі кәсіби туристік оқиға екендігін назарға алған Ю. Бородихин, «биылғы көрмеге жергілікті және халықаралық бағыттарда қызметтер ұсынатын Қазақстан, Бразилия, Малайзия, Түркия, Қытай, Солтүстік Африка, Тайланд, Украина, Чехия мен Швейцария елдерінен 50-ден астам компания қатысуда», деп хабарлады.
Онда соңғы туристік өнімдер, әуе компанияларының арнайы ұсыныстары және туристік нарықтағы мемлекеттік құрылымдардың қызметтері таныстырылады. Сондай-ақ ұлттық стендтер қойылған. Көрме аясында қазақстандық туристік ұйымдар өздерінің шетелдік әріптестерімен іскерлік келісімдер жасауға қол жеткізетін болады.
Көрмеде Қазақстанның Туризм және спорт министрлігінің стенді орталық стенді болып ұсынылған. Онда Азиада - 2011 шарасы толық көлемде насихатталуда. Ал облыстық және Астана мен Алматы қалаларының басқармаларының стендтері өңірлердегі ұлттық туристтік әлеуетті көрсетуге бағытталған. Әрбір аймақтың шипажайлары мен демалыс орындары, жалпы туристік индустриялары жөнінде кең мағлұмат жинақталған.
Көрменің беташарын жасаған Туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаев министр Темірхан Досмұхамбетовтің көрме қатысушыларына арналған құттықтауын оқып берді. «2011 жылы Астана мен Алматыда өтетін 7-ші Қысқы Азия ойындарының қарсаңында өтіп жатқан көрме туризм индустриясында стратегиялық қорларды шоғырландыруға мүмкіндік береді. Қатысушы компаниялар өзінің қызметі мен өнімдерін ұсынып қана қоймай, Қазақстан нарығында бекем орнығуына жол ашылады», делінген министрдің құттықтауында.