Елордада Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойына арналған театрландырылған концерттік қойылым өтеді
АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат - 15 қазанда елордадағы Президенттік мәдениет орталығында Қазақ КСР-нің халық композиторы, ұлы күйші, Құрманғазының шәкірті Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойына арналған театрландырылған концерттік қойылым өтеді,
деп хабарлады ҚР Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараның мақсаты - жас ұрпаққа қазақ күй өнерінің аса дарынды өкілі Дина Нұрпейісованың мол мұрасын насихаттай отырып, қазақстандық патриотизмді дамыту болып табылады.
Қазақстанның халық ақыны Фариза Оңғарсынова, атақты күйшінің немересі Төлеген Қуанышев, әдебиет және өнер қайраткерлері іс-шараның құрметті қонақтары ретінде шақырылып отыр. Қазақтың классикалық домбыра өнеріндегі композитордың шоқтығы биік «Бұлбұл», «Байжұма», «8 март», «Науысқы», «Тойбастар», «Он алтыншы жыл» т.б. шығармаларын «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, халықаралық конкурстардың лауреаттары Анар Мұздаханова, Андрей Фендриков, Раушан Оразбаева және тағы басқалары орындайды.
Мерейтойлық іс-шаралар республикамыздың аймақтарында домбырашылар конкурстарын, салтанатты концерттерді, театралды-концерттік қойылымдарды ұйымдастырып, өткізуді мақсат етеді.
Мысалы, Батыс Қазақстан облысында Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойына арналған Республикалық домбырашылар байқауы ұйымдастырылса, Астанадағы С.Сейфуллин мұражайында музыкалық-танымдық кеш болып өтті. Сонымен қатар осы жылдың ішінде «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында әйгілі күйшінің өмірі мен шығармашылығын баяндайтын «Менің домбырам» және «Күмбірлеген домбыраның сазды үні» атты екі деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Ал «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында күйшілер Айтжан және Айтолқын Тоқтағандардың авторлығымен «Күйші Дина: Тарту-Сәлемдеме» атты кітап жарық көрді.