Елордада дизайн-кодқа сай жөнделетін үйлер тізімі бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM – Тозу деңгейі 61 пайыздан асатын көппәтерлі тұрғын үйлер Астананың дизайн-кодын сақтау аясында жөндеуге жатпайды. Бұл туралы Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Ануар Саипов қоғамдық кеңестің отырысында мәлім етті.

көппәтерлі үй
Фото: Астана әкімдігі

Қоғамдық кеңестің қарауына «Астана қаласының бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру және дизайн-кодын сақтау мақсатында жөндеуге жататын көппәтерлі тұрғын үйлердің тізбесін бекіту туралы» қалалық мәслихат қаулысының жобасы ұсынылды.

– Қазіргі таңда бұл тізімге 21 көппәтерлі тұрғын үй енгізілді. Бұл – техникалық тексеру жүргізіліп, жөндеу қажеттілігі анықталған үйлер. Аталған тізім түпкілікті емес. Қазір Сәулет басқармасы Бас жоспар орталығымен және Урбанистика орталығымен бірлесіп, бірінші желі, екінші желі және кезең-кезеңімен іске асыруды қамтитын жеке тұжырымдаманы әзірлеп жатыр. Сондықтан әзірге осы 21 үйді бекіту ұсынылып отыр, ал алдағы уақытта тізім толықтырылады, – деді Ануар Саипов.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берген спикердің айтуынша, тізім жасау барысында елорданың барлық аумағы қамтылады, әсіресе магистральды көшелерге басымдық беріледі.

Сонымен қатар техникалық тексеру нәтижесінде үйдің тозу деңгейі 61 пайыздан асқан жағдайда, ол апатты тұрғын үй санатына енгізіледі. Ал тозу деңгейі 61 пайыздан төмен үйлерге бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастыру және дизайн-код талаптарын сақтау мақсатында күрделі жөндеу жүргізіледі.

Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленбеген. Бұл жұмыс кейінірек, Урбанистика орталығының қатысуымен үйлердің бірінші немесе екінші кезеңге жатқызылуына қарай жүзеге асырылады.

Талқылау қорытындысы бойынша қоғамдық кеңес Астана қаласы мәслихатының ұсынылған қаулы жобасын қолдады.

Сонымен қатар Қазақстанда базарларға арналған бірыңғай дизайн-код енгізілуі мүмкін.