Елордада дизайнер-модельер, суретші және зергерлік бұйымдардың дизайнері Ү.Молдағалиеваның жеке көрмесі ашылды

АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше Астанадағы «Radisson SAS» қонақүйінде дизайнер-модельер, суретші және зергерлік бұйымдардың дизайнері Үлия Молдағалиеваның алғашқы жеке көрмесі ашылды,

Елордада дизайнер-модельер, суретші және зергерлік бұйымдардың дизайнері Ү.Молдағалиеваның жеке көрмесі ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ү.Молдағалиева 2004 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сәндік-қолданбалы өнер және дизайн факультетін бітірген. Қазақстан Республикасы Суретшілер академиясының академигі. 2007 жылдан бері Қазақстан Суретшілер қауымдастығының мүшесі. Оның бейнелеу өнеріндегі мәнері ? этноавангард стилінде әйелдер және ерлер киімдерінің үлгісін жасау және бедерлі көркем сурет. Ү.Молдағалиева үлгіші ретінде «Түркі алпауыттары» және «Турандот» киімдер топтамаларын жасап шығарды. Көнетүркі үлгісінде тігілген киімдерде тері, темір, былғары және органза сынды материалдар үйлестірілген. Олардың құрамдастары - темірден жасалынған кеудешелер, тізеқаптар, сауыттар, бас киімдер, баданалар, білезіктер мен былғары етіктер. «Турандот» топтамасы 2005 жылы Алматыда өткен «Жоғары сән апталығында» көрсетіліп, сән өнері шеберлерінің жоғары бағасына ие болды. Суретші ретінде «Түркі алпауыттары», «Дала әуені», «Алтын қобыз», «Аспан балалары» «Турандот қалыңдығы» және басқа да көптеген туындыларды дүниеге әкелді. Сондай-ақ ол «Ару-2007» 5-ші халықаралық зергерлік бұйымдар көрмесіне қойылған «Гран-при» атты күміс мүсіннің, «Ұмай ана» және «Дала Шолпаны» атты алтын мен күмістен жасалған 2 зергерлік әшекейлер топтамасының авторы. Көрме алдағы маусым айының 4-іне дейін жұмыс істейтін болады.