Елордада екі перинаталдық орталық салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада екі перинаталдық орталық салынады. Бұл туралы бүгін Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы талқыланған Үкімет отырысында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

Құрылыс
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

«Ақмола облысының әкімдігімен біз агломерацияға кіретін аудандарды синхронды дамыту бойынша белсенді шаралар қабылдап жатырмыз. Астана қаласы облыстың агроөнеркәсіптік кәсіпорындары үшін жақын маңдағы ең ірі өткізу нарығы болғандықтан, кешенді жоспарда 63 ірі жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде жылыжай кешені, екі көкөніс қоймасы, өндірістік кешен, үш ірі қойма және логистикалық орталық құрылысы бар. Қазіргі уақытта олардың 7-і іске қосу барысында және жылдың соңына дейін пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Ақмола облысының әкімдігімен Астана нарығына жұмыс істейтін инвесторлар үшін жер учаскелерін басымдықпен бөлу туралы келісімге қол жеткізілді.

Инвестормен заманауи қоқыс жағу зауытын салу бойынша келіссөздер аяқталуда. Бұл зауыт жылу және электр энергиясын қосымша өндіретін болады. Зауыт тәулігіне 1 500-2 000 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар агломерация құрамына кіретін елді мекендердегі коммуналдық қалдықтарды жинау мен әкету ескерілді.

«Елорда мектептері мен колледждерінде Астана агломерациясының жақын маңдағы елді мекендерінен 10 мыңнан астам бала оқиды. Оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін облыспен шектесетін тұрғын алаптарда осы жылы 3 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның екеуі - «Жайлы мектеп» жобасы аясында. Әрқайсысы 2 000 орынға арналған», - деді қала басшысы.

Ол статистикаға сәйкес, қалалық стационарлардағы орындардың 17 пайыздан астамын басқа өңірлерден келген науқастар пайдаланатындығын айтты.

«Біз қосымша денсаулық сақтау нысандарына қажеттілік бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан үшінші көпсалалы аурухана мен екі перинаталдық орталық салу мәселесі өзекті болып тұр. Екі перинаталдық орталықтың құрылысын биыл бастаймыз. Үшінші көпсалалы аурухана бойынша жобалау биыл аяқталады. 2025 жылы құрылысты бастауымыз қажет», - деді елорда әкімі.

Соңғы жаңалықтар