13:03, 14 Наурыз 2013 | GMT +5
Елордада екі айда пайдалануға 1395 пәтер берілді
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - 2013 жылдың қаңтар-ақпан айларында тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі - 5085,1 млн.теңге болды. Бұл 2012 жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда 107,7 пайызға артық. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Статистика департаментінен мәлім етті.

2013 жылдың алғашқы екі айында елордада пайдалануға 1395 пәтер берілді. Департаменттің мәліметі бойынша, берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 139889 шаршы метр.
Сонымен қатар ведомстводан хабарлағанындай, жеке үй салушылар жалпы көлемі 13027 шаршы метр үй тұрғызған. Бұл 2012 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы деңгейден 123,9 % артық. Ал жеке тұрғын үй салушылардың үлесі пайдалануға берілген үйде 9,3 %-ды құрады. 2012 жылғы осы кезеңде ол 3,1 % болатын.
Елордада 2013 жылдың қаңтар-ақпан айларында салынған тұрғын үйдің жалпы 1 шаршы метрінің нақты бағасы орта есеппен 89,7 мың теңге болса, пайдалы алаңының орташа 1 шаршы метрінің нақты бағасы 117,4 мың теңге көлемінде.