Елордада екі тұрғын үй алабы жарықсыз қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Үркер» тұрғын үй алабы мен «Жағалау» ықшам ауданының тұрғындары жарықсыз отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Есіл ауданы әкімінің аппаратына сілтеме жасап.
«Бүгін 05:16-да «Ильинкада» вакуумдық сөндіргіш апаттық жағдайда сөнді. «Үркер» тұрғын үй алабы жарықсыз отыр. «Астана өңірлік электр желілері компаниясы» АҚ жедел бригадасы оқиға орнында жұмыс жүргізіп жатыр», - делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.
Бұдан тыс, бүгін сағат 10:00-де тағы бір стансада апат болып, «Жағалау-3» ықшам ауданы мен №71 мектеп электрден үзілген. «Астана ӨЭК» АҚ-ның жедел бригадасы бірер сағаттарда апат салдарын жойып, электрмен қамтудың резервтік желісін қосуға уәде беріп отыр.