Елордада екі жыл ішінде 40-тан астам жайлы мектеп салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елордада жайлы мектептерді салуды бастайды. Бұл туралы қала әкімінінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында 24 мектептің құрылысы басталады. Келесі жылы да осынша мектеп салынбақ. Осылайша екі жылдың көлемінде 40-тан астам жайлы мектеп тұрғызылады. Бұл - елорда үшін ауқымды жоба», - деді Ерлан Бекмырзаев елордалық кәсіпкерлермен кездесу барысында.
Оның айтуынша, қалада жыл санап оқушылар саны артып келеді.
«Оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысым мәселесі бәрімізге таныс. Одан бөлек, елордада көші-қон деңгейі жоғары. Өткен жылы қала шамамен 100 мың адаммен толыға түсті. Бала туу көрсеткіші де артып жатыр. Астанада жылына 5-7 мың түлек мектеппен қоштасса, жаңа оқу жылында 25 мыңдай бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Айырмашылық айтарлықтай», - дейді ол.
Еске салсақ, 2025 жылға қарай ел аумағында 842 мың орындық 401 жайлы мектеп ашу жоспарланып отыр.
Ол мектептердегі орындардың саны 300-ден басталып 2500-ге дейін жетеді.
Сондай-ақ, жайлы мектептердің ұлттық нақышта салынатыны айтылды.