Елордада экспресс-бағыттағы автобустарда жеңілдетілген жол жүру ақысы енгізілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, қоғамдық көліктің экспресс-бағыттарында (№ 52э, 53э және 54э автобустарында) жекелеген тұрғындар үшін жеңілдіктер енгізілді, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында.
2014 жылғы 23 желтоқсаннан бастап жеңілдікпен жол жүру мүмкіндігіне қатысты өтініш-тілектердің көп болуына байланысты тиісті санатқа жататын азаматтар үшін жолақы құнына 50% (60 теңге) жеңілдік жасалады. Қоғамдық көліктердің экспресс-машруттарында 50 пайыздық жеңілдік келесі санаттарға жататын азаматтар тиісті куәлігін көрсеткен жағдайда жүзеге асырылады: - ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар; - І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер; - көп балалы отбасылар; - көп балалы аналар; - жасы мен еңбек еткен жылдарына қарай зейнетке шыққандар.