Елордада Елбасы туралы бірнеше кітаптың таныстырылымы өтті

Алқалы жиынды ашқан Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында өткен тарихымызды елеп-екшеп, көпшілікке, халыққа, жалпы ғылыми қауымға қайта ұсыну қажеттігі туындап отырғандығын, осы аралықта еліміз көптеген күрделі кезеңдерді басынан кешіргендігін атап өтті.
«Бүгінгі таңда ТМД мемлекеттері арасында Қазақстан еңсесі биік, өз тізгінін өз қолына алған мемлекет есебінде әлемдік қауымдастыққа еркін кірген, өзін мойындатқан ел ретінде 20 жылдығын қарсы алғалы отыр. Сондықтан да осы егемендігіміздің тарихы, оның қыр-сырын, саяси астарларын, экономикалық жағдайларын толық толғап, талдап, қайтадан халыққа ұсыну біздің мақсатымыз», деді министр.
Сонымен аталған ғылыми мекемелер дайындаған «Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы - тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы» атты кітапта Мемлекет басшысының әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткері дәрежесіне дейінгі өсу жолы баяндалса, «Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың сыртқы саясаттық бастамалары" атты еңбекте Елбасының сұхбаттары, мақалалары, сөйлеген сөздері топтастырылған. Келесі жарық көрген кітап «Кемеңгер» деп аталады. Онда ҚР Президентінің сан қырлы қызметіне баға берген белгілі саясаткерлер мен қоғам өкілдерінің пікірлері жаряланған. Ал «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы» атты кітапта Н.Назарбаевқа, тәуелсіз еліміздің символы - Астана қаласына арналған еліміздің танымал ақындарының, шет елдердегі қандастарымыздың өлеңдері мен поэмалары енгізілген. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Қазіргі Қазақстан тарихы» оқулығы ежелгі дәуірден бүгінгі кезеңге дейінгі ел тарихының өзекті мәселелеріне арналған.