Елордада Елбасы үзеңгілестерінің жастармен кездесуі өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Елбасы Кітапхасында «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» тақырыбында Тұңғыш Президент үзеңгілестерінің жастармен кездесуі өтті.

Елордада Елбасы үзеңгілестерінің жастармен кездесуі өтті (ФОТО)

«Бүгін бізге қонақ болып Елбасының Теміртауда еңбек жолын бастаған кездегі әріптестері мен курстастары келді. Осы кездесудің мақсаты - Мемлекет басшысының өмірбаянын, мемлекеттік-саяси қызметіндегі жолын, жұмысының ауқымын, өмірдегі ұстанымдарын қоғамға, жастарға кеңінен жеткізу. Сондықтан біз осы маңызды кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Кеше де белгілі қоғамдық және мемлекеттік қайраткер Оралбай Әбдікәрімовпен жүздескен болатынбыз. Бұл кездесулер Астана күнінің қарсаңында жасалған кешенді жоспарымызға байланысты өткізілуде», - деді «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы» ММ директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев.

Атап айтқанда жастармен жүздесуге Теміртау қалалық партия ұйымының идеология жөніндегі хатшысы ретінде Елбасымен қатар қызметтер атқарған Нина Вахитова, Теміртаудағы зауыттың ЖТОО-ында курстас болған, металлургия факультетінде бірге оқыған Тоқтархан Ысқақов, Елбасымен Теміртаудағы зауыттың ЖТОО металлургия факультетінде бірге оқыған курстасы Виктор Никонов, Тұңғыш Президенттің қызметтесі, бір топта оқыған досы Ермек Төлеубаев, сондай-ақ Н.Ә. Назарбаевпен Қарағанды Мемлекеттік политехникалық институтында бір топта оқыған Қуаныш Омашев қатысты.

Айта кетейік, бүгінгі шара Теміртаудағы Тұңғыш Президентінің Тарихи-мәдени орталығының қатысуымен ұйымдастырылды. Кездесу қонақтары Елбасының ерен еңбегін әңгіме-естеліктер арқылы жан-жақты ашып көрсетті. Сонымен қатар олар жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.