16:21, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Елордада электрондық құжат айналымы тақырыбына арналған форум өтуде
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін Астанада электрондық құжат айналымы тақырыбына арналған DOCFLOW 2009 форумы өз жұмысын бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Форумда электрондық құжат айналымы жүйелері нарығының даму бағыттары, құжат қорлары, электрондық үкімет және халық санағына қолданып жүрген ақпараттық жобалар, электронды құжат айналымы жүйелерінің экономикалық қырлары сараланды.Басқосу электрондық құжат айналымы жүйесінің тұтынушылары мен ең үздік әлемдік, қазақстандық және ресейлік IT компаниялармен, жеткізушілермен және интеграторлармен кездесуге жол ашты. «Дағдарыс тұсында құжат айналымы саласында жаңа технологияларды қолдану арқылы бизнестің сапалы жұмысына және оның экономикалық тиімділігіне қол жеткізу өте өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік органдар және кәсіпкерлердің биылғы форумға деген қызығушылықтары артып, биыл қатысуға тапсырыс берген мекемелер саны былтырғы жылмен салыстырғанда бірнеше есеге көп болып отыр», дейді форумның ұйымдастыру комитетінің басшысы Григорий Липич.Ақпараттық технологиялар еліміздің кең масштабты науқаны саналатын Ұлттық халық санағында да кеңінен қолданылуда. Санақ жұмысы барысында 40 млн. бланкілер шығарылды. Олардың бәрін сараптамадан өткізіп, жүйе-жүйесімен талдап-сұрыптауға жаңа IT технологиялар қолданылды. «Бұның арқасында уақыт үнеміне қол жетті, жұмыс сапасын жақсартуға және электронды қор жинауға мүмкін болды», дейді Статистика агентігінің Ақпараттық технологиялар департаментінің бастығы Сырым Әлімқұлов.Осындай жүйе енді ҚР Әділет министрілігінің жылжымайтын мүлік тізбесін жасақтауға қолданылмақ.Форумға ABBYY, Acmis, Alfa Technologies, Alser computers, ASV, Bimash, Docsvision, EMC, Fujitsu, IBA Group, Sap Қазақстан, Syngroup, Terralink сынды компаниялар келіп қатысты.