Елордада еліміздің балалар қоғамдық ұйымдары көшбасшыларының 22-ші слеті өз жұмысын бастады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған алқалы жиынды «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдары одағы ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің, Қазақ гуманитарлық заң академиясының, Ақмола облыстық білім басқармасының, «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының, Қазақстан Жастар конгресінің және Ауыл жастары одағының қолдауымен өткізіп отыр.
Бүгін слетке қатысушылар қарашаның 2-сінде Астанадағы М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында өткен «ХХІ ғасырдың балалары: біздің құқығымыз және мүмкіндігіміз» атты республикалық саммиттің қорытындысын талқыламақ.
Саммит жұмысын талқыға салмас бұрын «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдары одағының басшысы Елена Дмитриенко балалар құқығын қорғау саласында белсенділік танытып жүрген бірқатар азаматтарды қоғамдық ұйымның арнайы алғыс хатымен марапаттады. Олардың арасында ҚР Парламенті қос палатасының депутаттары, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, еліміздегі Куба, Бразилия мемлекеттерінің Төтенше және Өкілетті елшілері бар.
Балалар қоғамдық ұйымдары көшбасшыларының слеті қарашаның 5-іне дейін жалғаспақ. Осы уақыт аралығында олар әлеуметтік маңызы бар жобалардың тұсаукесер рәсіміне және «Жұлдыз» қоғамдық бірлестігінің жас көшбасшылары республикалық кеңесінің жаңа құрамын сайлауға қатысады.