Елордада еліміздің Бас шыршасының шамдары жанды

  АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Ақорда маңындағы алаңда қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың қатысуымен еліміздің Бас шыршасының шамдарын жағу рәсімі өтті.
None
None

Шырша шамдарын жаққан Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова барша қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап: «Біздің еліміз үшін және мен үшін 2012 жыл берекелі, құтты болды. Өйткені Олимпиада ойындарында біздің көк байрағымыз 7 рет көкке көтеріліп,  еліміздің рухын да көтерді. Енді келе жатқан 2013 жылда Елбасымызбен бірге жаңа жеңістерге жете берейік!» - деді.

Мерекелік шараға 4 мыңнан астам балалар қатысты. Олардың ішінде тұрмысы нашар отбасылардан шыққан және жетім балалар да болды. Олардың құрметіне хореографиялық композицияда салтанатты ертегілік бағдарлама қойылды. Балаларды жаңа жылдық ертегілер әлеміне әртістер, жонглерлер, ертегі және танымал мультфильм кейіпкерлері бастап жүрді. Оған 300-ден астам түрлі карнавалдық және ұлттық киімдер киген цирк өнерпаздары, акробаттар мен гимнастшылар қатысты. Мереке соңы отшашуға ұласты.

Биылғы Бас шыршаның жоғарғы бөлігі қазақтың ұлттық бас киімі «Сәукеле» іспеттес болса, төменгі жағына ұлттық өрнектер қолданылған. Бір қарағанда ол қазақ қызының бейнесін көз алдыңа әкеледі. оны әшекейлеуге 2000 ойыншық, 10 шақырымдық ұзындықта гирлянд, мың метрлік жылтырақ шамдар, 180 жарық беретін әшекейлер, мың строб қолданылған. Шырша биіктігі 25 метр.

Бас шыршадан бөлек қала аудандарында адамдар демалатын орындарда биіктігі 6-дан 22 метр аралығындағы 36 шырша орнатылған.

Соңғы жаңалықтар