Елордада еңбек көші-қонын реттеудегі әлеуметтік диалогты жетілдіруге арналған семинар өтуде

Аталған шара «Орталық Азиядағы даму және өңірлік ынтымақтастық құралы ретіндегі еңбек көші-қоны барысын реттеу» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.
«Бұл семинар 2008 жылдан бері жүргізіліп жатқан ауқымды жобаның жалғасы болып табылады. Бұл ретте жаһандану кезіндегі көші-қон үдерісін реттеудің, еңбек мигранттарының құқықтарын қорғап, жағдайларын жасаудың өзектілігі арта түсуде. Қазақстан негізінен еңбек мигранттарын қабылдаушы ел болып табылады. Сондықтан да, Халықаралық еңбек ұйымының осынау бастамасын Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы қолдап, семинарды өткізуге мұрындық болып отыр», -дейді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықов.
Оның айтуынша, елордадағы семинармен Орталық Азия кәсіподақшылары үшін жүргізілген тренингтер сериясы тамамдалады. Ал осыған ұқсас шаралар жақында Душанбе мен Бішкекте өткен болатын.
Жалпы, ұйымдастырушылардың айтуынша, Астанадағы семинардың басты мақсаты көші-қон саясатын қалыптастыруға қатысу үшін кәсіподақтар қозғалысының әлеуетін арттыру болып табылады. Бұл ретте семинар барысында еңбек көші-қонын басқару шеңберіндегі әлеуметтік диалогты жетілдіру бойынша қорытынды ұсыныстар әзірленеді деп күтілуде.