Елордада эпидемиологиялық жағдай тұрақты ма – бас санитар жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада 11 дерт бойынша сырқаттану төмендеген, ал 7 сырқат түрі бойынша дертке шалдығудың өсуі байқалады. Бұл туралы Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова мәлім етті. 

Елордада эпидемиологиялық жағдай тұрақты ма – бас санитар жауап берді
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Биыл 6 айдың ішінде инфекциялық, паразиттік, карантиндік және аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алдын алу шараларының арқасында елорда аумағында аса қауіпті және карантиндік аурулар тіркелген жоқ. 11 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Атап айтқанда, КВИ 12 есе, энтеровирустық инфекция 9,3 есе, серозды менингит 3 есе, ЖРВИ 2 есе, В вирустық гепатитінің жіті түрі 43%-ға төмендеді. Сондай-ақ скарлатина, В және С вирустық гепатитінің созылмалы түрлері, сальмонеллез, тұмау, дизентерия секілді дерттердің азаюы байқалады», - деді Сархат Бейсенова Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Елорданың бас санитар дәрігерінің айтуынша, С гепатиті, описторхоз, ірінді менингит және менингококк инфекциясы бойынша да жағдай қалыпты. 

«Алайда, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, 7 нозология бойынша сырқаттанушылықтың өсуі байқалып отыр. Мысалы, көкжөтел 81 есе, қызылша 12 есе, паротит 3 есе, вирустық А гепатиті 1,5 есе, ротавирустық инфекция 17%, жедел ішек инфекциясы 13,9% және туберкулез 11% өсті», - дейді ол.

Бұған дейін шетелге шығатын астаналықтарға вакцина алу ұсынылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар