Елордада ер адам мұз астына түсіп кетті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Астаналық құтқарушылар мұз астына түсіп кеткен ер адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше Қазақ гуманитарлық заң университеті маңында 1957 жылы туған ер адам мұз астына түсіп кетті. Оқиға орнына құтқарушылар 8 минутта жетті. Ер адамды құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті және ауруханаға жеткізді. Ол саяжайда тұратыны анықталды», - деді қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Эльдор Райымбеков Есіл өзеніне өткен көшпелі брифингте.
Оның айтуынша, құтқарылған тұрғынның жағдайы қанағаттанарлық. Дәрігерлер қарап шығып, үйіне жіберген.
ТЖ департаментінің хабарлауынша, жыл басынан елордада мұз астына түсіп кетудің бір оқиғасы тіркелді. Атап айтқанда, наурыз айында Сарыарқа көпірінің маңында Есіл өзеніне қарда жүретін көлік батып кеткен. Оның жүргізушісі судан шығып үлгерген, көлігін құтқару мүмкін болмаған.
Өткен жылдың сәуір айында да Есіл өзенінде бір төтенше оқиға болды. Екі жарым жасар бала ата-ана қарауынсыз қалып, мұз астына құлаған. Оны құтқарушылар дер кезінде байқап, судан алып шықты.