Елордада ерекше балаларға арналған кабинетте 48 бала тәрбиеленіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанадағы №89 «Қыз жібек» балабақшасында ерекше балаларға қолдау көрсететін арнайы кабинет бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада ерекше балаларға арналған кабинетте 48 бала тәрбиеленіп жатыр

№89 «Қыз жібек» балабақшасында барлығы 315 бала тәрбиеленіп жатыр, оның ішінде 48-і ерекше балалар.

Балабақша басшыларының айтуынша, барлық бала бірдей жағдайда білім-тәрбие алып жатыр. Дегенмен кейбір ерекше балалардың тәрбиесіне ерекше назар аударуға тура келеді. Балалардың барлығы бірдей емес.


«Қазақстан бойынша инклюзияны қолдау кабинеті екеу ғана. Себебі бұл пилоттық жоба. Осыдан екі жыл бұрын елорданың білім басқармасы және біздің қордың қолдауымен екі инклюзивті кабинет ашқан болатынбыз. Инклюзивті білім беруді ерте жастан қолға алған өте маңызды. Бүгінгі іс-шара айтулы кезеңге келіп тұр, сәуір бізде аутизм айы. Бұл айда дүниежүзі бойынша аутизм тақырыбында түрлі форматтағы іс-шаралар өтеді. Біз тұрған балабақшада 5 балада аутизм белгісі бар. Бұл жерде әр баламен тьютор және психолог жұмыс істейді. Өкінішке қарай, мұндай мүмкіндік брлық балабақшада жоқ», - деді «Болашақ» қайырымдылық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Шайжүгінісова.


«Қыз жібек» балабақшасында ерекше балалармен жұмыс істейтін 5 тьютор және 1 психолог маман бар.

Инклюзия кабинеті арнайы жабдықталған және балалардың ерекшелігіне сай жағдай жасалған.



«Осы балабақшаға ерекше 5 жасар бала келген және ол мүлдем сөйлемейтін болған. Мамандардың көмегімен бала сөйлеп, балабақшадан түлеген кезде мүлдем басқа бала болып шыққан. Біз бұны керемет нәтиже деп ойлаймыз. Әкімдіктердің қолдауымен алдағы уақытта инклюзия кабинеттерін ашуды жалғастыратын боламыз. Ерекше балаларға жағдай жасауда, инклюзивті білім беруді ұйымдастыруда заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу жағы туындайды. Ол бір күндік шаруа емес», - дейді ол.



Мамандардың айтуынша, ерекше балалардың мінез-құлқы мен өзін-өзі ұстауы әрбөлек. Бірі сөйлей алмаса, екіншісі өзін ұстау жағынан қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан да мамандар әр баламен жеке жұмыс істейді.


«Ерекше балаларды тәрбиелеуде АВА терапияны қолданамыз. Ол ғылыми тұрғыдан дәленденген әдіс. Яғни аутизм және басқа да диагнозы бар балалардың мінез-құлқын оңалтуда қолданылады. Бүгін ашылып отырған кабинетте балалардың ерекшелігіне қарай әрқайсысымен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бұл кабинетте балалар күніне екі сағат айналысады, қалған уақытта басқа балалармен бірге болады», - деді мінез-құлық жөніндегі сарапшы Күмісай Әлденова.