Елордада ерекше баланы ұрып-соғу фактісі тағы қайталанды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл қаңтарда астаналық ана баласын тәрбиеленіп жатқан орталықтың қызметкері ұрып-соқты деп шағым түсірген еді. Араға уақыт салып ұрып-соғу оқиғасы қайталанып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«3 мамырда сағат 19:48-де полицияға 6 жасар ұлына қаланың оңалту орталықтарының бірінде жасалған қатыгездік фактісі бойынша елорда тұрғыны арызбен жүгінді. «Алматы» аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» айыбымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - делінген хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, аталған факті бойынша қажетті сараптама тағайындалды.
«Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды», - дейді ведомстводан.
Еске сала кетсек, биыл қаңтарда елордада ерекше балаларды ұрып-соққан астаналық тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалған еді.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, 17 қаңтарда полицияға елорда тұрғыны «Балам-Ай» баланы дамыту орталығында оның кәмелетке толмаған ұлына қатыгездікпен қарау фактісі бойынша жүгінді.
Кейін еліміздің бас прокуроры Берік Асылов аталған оқиғаның мән-жайын анықтауды өз бақылауына алатынын мәлім етті.