Елордада ерекше қажеттіліктері бар жандар мен қарттар үшін Ашық есік күні өтеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Елордалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарда 2 қазанда ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен қарттар үшін Ашық есік күні өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара Халықаралық қарттар күні аясында алдағы сенбі күні сағат 8:00-ден 16:00-ге дейін өтеді.
Ашық есік күні аясында осы санатқа кіретін қала тұрғындары Check-up пакет деп аталатын кешенді медициналық тексеруден өте алады, деп мәлім етті қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
«Қарттар мен ерекше қажеттіліктері бар адамдар медициналық қызметтерге қол жеткізе алады, оларға ТМККК және МӘМС шеңберінде барлық көмек көрсетіледі. Халықаралық қарттар күніне орайластыра отырып, біз олардың толыққанды тексеруден өтіп, өз аурулары мамандармен кеңесуі үшін арнайы бір күн бөлдік. Үлкендерді сыйлау, оларға құрметпен қарау – біздің парызымыз», – деп атап өтті ведомствода.
Олар аумақтық тіркеу бойынша медициналық ұйымға жүгіне алады. Медициналық мекемелердің кейбірінде санитарлық нормаларды сақтай отырып мерекелік бағдарламамен шағын құттықтаулар болады.