Елордада ересектер арасында қызылша өршіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада қызылшамен сырқаттанғандардың 68 пайызы ауруға қарсы екпе алмаған. Бұл жайында Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова айтты.

вакцина
Фото: Pixabay

«Елордада қызылша ауруының тіркелуі әлі де жалғасуда. Қаңтар айының басынан бастап елордада қызылшаның 1 890 бастапқы және 532 расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 381 жағдай. Елордада инфекцияның таралуын қызылшаға қарсы екпе алмаған адамдар жалғастыруда. Сырқаттанғандардың 68 пайызын осы кісілер құрайды», - деді ол Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның дерегінше, желтоқсан айымен салыстырғанда балалар арасында сырқаттанушылықтың бір жасқа дейін, бір жас және 2 жастағы балалар арасында төмендеуі байқалады. 

«Мәселен, 1 жасқа дейінгі ауырған балалардың қарқынды көрсеткіші 692,7-ден 589,4-ке дейін немесе 15 пайызға, бір жастағы балаларда 880,2-ден 805,3-ке дейін немесе 8,5 пайызға және 2 жастағы балаларда 701,6-дан 551,9-ға дейін немесе 21,3 пайызға төмендеді. Көрсетілген жастағы сырқаттанудың төмендеуі – бұл қосымша жаппай иммундаудың нәтижесі. Алайда, ересектер арасында сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Қарқынды көрсеткіш 25,2-ден 40,2-ге дейін немесе 37,3 пайызға артты», - деді Сархат Бейсенова.

Соңғы жаңалықтар