Елордада есік сатушы әйел азаматтарды алдап, 31 млн теңгеден астам қаражатты иемденіп алған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Elit Interior» құрылыс дүкенінің сатушы-менеджері азаматтарды ішкі есіктер сатамын деп алдап, ақшасын заңсыз иемденіп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордада есік сатушы әйел азаматтарды алдап, 31 млн теңгеден астам қаражатты иемденіп алған
49 жастағы әйел есіктерді сатып алушылардың мекенжайына жеткізіп беруді уәде етіп, олардан алған қолма-қол ақшаны кассаға салмай жүрді. Дүкен басшылығы сатушысының айла-шарғысынан бейхабар болып шықты.
Клиенттердің қаражатын иемденген әйел оны жеке қажеттілігіне, көп бөлігін «Лото клубтағы» ставкаларға жұмсаған. Алаяқ әйелдің әрекетінен оған 500 мыңнан 2 млн теңгеге дейінгі сомадағы ақшасын ұстатқан 26-ға жуық азамат зардап шекті. Келтірілген жалпы шығын шамамен 31 млн теңгені құрады.
Мәселен, 3 сәуір күні полицияға шағымданып келген қала тұрғыны менеджерге 1 865 740 теңге төлегенін, бірақ тауар алмағанын айтты. Сол күні тағы бір тұрғын сатушының оны алдап, 1 100 000 теңге ақшасын иемденгенін хабарлады.
Криминалдық полиция қызметкерлері күдікті әйелді ұстады, ол өз кінәсін мойындады. Алаяқтықтың барлық фактілері бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде