Елордада есірткі жарнамасына қарсы күрес күшейді: алты қылмыстық іс тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Астанада есірткі жарнамасы бар 200-ден астам жазу анықталып, осы деректер бойынша алты қылмыстық іс қозғалды. Полиция заңсыз граффитилерді анықтау және оларды салған адамдарды жауапқа тарту жұмыстарын күшейткен.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері елордада есірткі жарнамасы бар жазуларды салудың 200-ден астам дерегі анықталған. Мұндай жазулар көбіне тұрғын үйлердің қасбеттері мен қалалық инфрақұрылым нысандарында кездеседі.
Әрбір анықталған дерек бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Полицейлер есірткіні заңсыз жарнамалауға қатысы бар адамдарды анықтап, осындай құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері Астанада ғимараттардың қасбеттері мен қалалық инфрақұрылым нысандарына граффити салудың 800 дерегі тіркелген.
Қоғамдық орындарда, тұрғын алаптарда және адам көп шоғырланатын аумақтарда бақылауға ерекше назар аударылып отыр. Заңсыз жазуларды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары тұрақты негізде жалғаспақ.
Полиция департаменті есірткі құралдарының жарнамасын тарату, сондай-ақ бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.
Бұл жұмыс құқық бұзушылықтардың алдын алуға, есірткі қылмысына қарсы күресуге және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүргізіліп жатыр.
Елорда полициясы тұрғындарды бейжай қалмай, есірткі жарнамасы бар жазулар мен өзге де құқық бұзушылықтар туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырады.