Елордада ғарышкерлерге ғылыми зерттеу жүргізетін Орталық Азиядағы ең ірі кешен ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордадағы Ұлттық ғарыш орталығында ғарышқа аттанатын мамандарға зерттеу жүргізетін Орталық Азиядағы ең ірі «Space Nomad» кешені ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Space Nomad» жобасы ғылыми зерттеулерге арналған. Ол ғарышқа баратын ғарышкерлердің дайындығы үшін қажет. Кешеннің ішінде психологиялық және физиологиялық ғылыми зерттеулер болады. Мәселен, Айға немесе Марсқа ұшу ұзақ уақыт алады. Ал осы ұзақ уақытта тығыз бөлмеде болу психологиялық дайындықты қажет етеді. Бұл кешен осы бағыттағы зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік береді», - деді «Space Nomad» жобасының жетекшісі Рустам Абдурахманов.

Оның сөзінше, кешенде ғылыми зерттеулер жүргізу бүгіннен басталды. Алғашында экипаждың 3 мүшесі бұл орталықтың жұмысын сынап көреді. Олар екі күн бойы елордадағы Ұлттық ғарыш орталығы ғимаратының аумағында орналасқан «Space Nomad» кешенінде болады.
«Бұл кешенде экипаж мүшелері қалай тамақтанады, ол ғарышкерлердің денсаулығына қалай әсер ететіні зерттеледі. Алғашына олар екі күн кешеннен шықпайды. Кейінгі экипаж мүшелері 1 ай және одан да ұзақ мерзім болады. Осы кешеннің ішінде тек қазақстандық мамандармен ғана емес, сонымен қоса көршілес елдермен де бірге зерттеу жүргізу жоспары бар. Атап айтқанда, қазір біз Ресей тарапымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Одан кейін басқа да мемлекеттердің ғарышкерлері және мамандарымен әріптестікте жұмыс істеуге ниеттіміз», - деп мәлім етті Рустам Абдурахманов.
Бұл - ғарышкерлердің психологиялық жағдайына зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін Орталық Азия аумағындағы ең ірі кешен. Мамандардың айтуынша, кешеннің іші ғарыш кемесінің үлгісінде жасалған. Алдағы уақытты мұнда бірнеше бағытта зерттеу жүргізу жоспарланып отыр.
















