Елордада гендерлік теңдік жөнінде тренинг өтуде

АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия мен БҰҰ Даму бағдарламасы облыстардың, қалалардың және аудандардың әкімдері жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі комиссиялардың хатшыларына арналған тренингтер сериясын бастады,

Елордада гендерлік теңдік жөнінде тренинг өтуде

 деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шілденің 27-28-інде аталмыш тренингтің кезекті кезеңі елордада ұйымдастырылып отыр. Оған қатысуға зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі ішкі істер бөлімшелерінің қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі      ұлттық       комиссияның     төрайымы Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, әйелдер ісі жөніндегі комиссиялардың хатшыларына және олардың серіктестеріне арналған тренингтер - бұл гендерлік теңдікті ілгері жылжыту жөніндегі ұлттық механизмнің әлеуетін нығайту бойынша кезекті қадам.

 «Қазіргі кезде әйел азаматтар саясат, экономика және тағы басқа салаларда жоғары қызметтер атқарады. Дегенмен, осыған қарамастан, гендерлік саясаттың жасырын формасы да бар. Мәселен, жалақы мәселесін алатын болсақ, әйелдердің жалақысы әдетте төмен келеді. Сондай-ақ Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы бар екендігін айта кеткен жөн. Біз осы тренингтердің Парламенттің қарауында жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі заңды ілгері жылжытуға көмегі тиеді деп ойлаймыз», - деп атап өтті Г.Әбдіхалықова.

 Естеріңізге сала кетейік, тренингтер осының алдында шілденің 20-21-інде Алматыда, 23-24-інде Павлодарда ұйымдастырылса, шілденің 30-31-інде Оралда өтеді.