Елордада ғимараттарға жылу қашан беріледі

АСТАНА. KAZINFORM – «Астана-Теплотранзит» кәсіпорны шаһарда жылыту маусымы қашан басталатынын мәлімдеді.

жылу
Фото: istockphoto.com

– Жылыту маусымының басталуы Жылыту маусымына дайындық жүргізу және өткізу ережелерімен реттеледі. Оны бастау үшін орташа тәуліктік температура 5 күн бойы +10 градус деңгейінде болуы қажет. Аталған жағдайда біз жылыту маусымының басталғанын жариялап, нысандарды жоспарлы түрде іске қосамыз, – деді «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының режим және реттеу жөніндегі орынбасары - Бас инженер Абзал Сауғабаев.

Сонымен бірге, ауа температурасы төмендеген жағдайда, әлеуметтік нысандар үшін жылыту маусымы ертерек басталуы мүмкін.

– Біз әлеуметтік нысандар - балалар мен медициналық мекемелер үшін жылыту маусымын ертерек бастауды қамтамасыз етуге әрдайым дайынбыз, - деді Абзал Сауғабаев.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада қысқы жылыту маусымына жылу қоры дайын екенін жазғанбыз.