Елордада «Ғылыми-техникалық саясаттың бағалау әдістері: тәжірибе алмасу» атты конференция өтуде
АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада екі күндік «Ғылыми-техникалық саясаттың бағалау әдістері: тәжірибе алмасу» атты ғылыми-техникалық және инновациялық дамуды ұйымдастырушылардың халықаралық конференциясы басталды.
Аталған шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев құттықтау жолдады. Алқалы жиын барысында министрдің құттықтауын оның орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков оқып берді.
Ә.Исекешевтің құттықтауында аталған өңіраралық конференцияның негізгі мақсаты ғылым және инновация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша ұсыныстарды қалыптастыру және басымдықтарын анықтау, алдыңғы қатарлы тәжірибелермен алмасу, ынтымақтастықты шектейтін факторлар мен кедергілерді айқындау, сондай-ақ саяси қолдауды қажет ететін проблемалары көрсету екендігі айтылған.
«Конференция алдына эксперттік бағалауға сараптама жүргізу, ғылыми-технологиялық даму мекемелерін бағалау, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Шығыс Еуропа мен Орталық Азия арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық үшін «Ақ кітап» түсінігін енгізу сынды ауқымды міндеттерді қойып отыр. Алқалы жиын барысында Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері үшін ілкі бағалау іс-шаралары үшін шаралар анықталатын болады», - делінген құттықтауда.